Сценарий авторы белгілі мәдениеттанушы, С.Қондыбайдың бірнеше еңбегін орыс тіліне тәржімалаған аудармашы Зира Наурызбаева болса, фильмнің өзі Әсия Байғожинаның режиссерлігімен түсірілген. Серікбол Қондыбай Маңғыстау облысы Шетпе ауылындағы мектепте қарапайым география пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Бірақ 25 жасында аяқ астынан жол апатына түсіп, мүгедектік арбасына таңылуға мәжбүр болды. Арбаға таңылса да, адамның ақыл-ой қуатының өлшеусіз екенін, ми мүмкіндігінің ұшан-теңіз мақсатты жүзеге асыруға қауқарлы болатынын көзі тірісінде-ақ дәлелдей алған кемеңгерлігін танытты. Апаттан кейін ол тағы да тоғыз жыл өмір сүрді және сол тоғыз жылы ғылыми көрегендікке толы жылдар болды, ағыл-тегіл мол ақпаратты игеріп қана қоймай, нақтылыққа негізделген болжам-қисындар, батыл байламдар жасады.
Серікбол Қондыбай қазақ мифологиясына арнап 16 том кітап жазып кетті, олар бүгінде орыс және ағылшын тілдеріне аударылып жатыр. Оның туған жері Шетпе ауылында еліміздегі ең алғашқы және бірегей мифология мұражайы ашылды. Қондыбайдың ғылыми оқулары дәстүрге айналып, Ақтау, Алматы, Астана, Қызылорда қалаларында өткізіліп келеді. Ақтау мектептерінің біріне оның есімі берілді.
С.Қондыбайға жаңашыл көзқарас тән еді, ал әрекетінен революционердің екпіні білінетін. Сол себепті замандастары ғалымды кемеңгер деп, ал өмірін ерлік деп білді.
«Уа, Тәңірім! Қазақтың табысынан бұрын намысын қайтарып бере көр! Тәңірім, Қазақты және Қазақстанды жарылқа!» – Серікбол Қондыбай өзінің көзі тірісінде жарық көрген ең соңғы еңбегін, төрт томдық «Арғықазақ мифологиясының» алғашқы бетін осылай бастайды.
«Осы кітаптардың авторы – таза мағынасындағы ғалым емес, тек қазақта мифологияны зерттеуге қажетті нендей дүниелердің (мысалдардың, тақырыптардың, идеялардың) бар екендігін бір кітапқа жинақтап, түгендеп, есебін алуды, олармен көпшілікті таныстыруды мақсат қылған, инвентаризация жүргізуші «завхоз» ғана. Мен тек Ұлы мұраның ұлы нобайын ғана көрсете алдым...» - деп кітаптың қолжазбасында өзі туралы осылай елеусіздеу жазады.
Фильмнің премьерасына Серікболдың үлкен әпкесі Балсұлу Қондыбай Ақтаудан арнайы келді. Ол кісі анасы екеуі Серіболдың өз мүмкіндігіне сенімін арттыру үшін «Маңғыстау географиясы» атты бірінші кітабының басылып шығуына жағдай жасап, алдағы уақытта да інісінің барлық жазбаларын жарыққа шығаруға уәде беріпті. Фильмде әпкесімен, Зира Наурызбаевамен бірге мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, тарихшылар Марат Сембин және Талас Омарбеков, географ Лариса Веселова, тіл зерттеушілер Нұргелді Уәли және Қайрат Жанабаев, драматург Әннес Бағдат, өлкетанушы Мұрат Ақмырзаев, Серікболдың курстастары Қайрат Қортықов, Рыскүл Құдайбергенова, Бекжан Садықов, Салават Дүйсенбаев сұхбат берді. Олардың бәрі де С.Қондыбайдың ғылыми қуатының қайнарына үңіліп, еңбектерінің маңыздылығын саралады.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
АЛМАТЫ